Сен мені не етесің

Сен мені не етесің?

Мені тастап,

Өнер бастап

Жайыңа

Және алдап,

Арбап,

Өз бетіңмен сен кетесің.

Неге әуре етесің?

Қосылыспай,

Басылыспай,

Байыңа

Және жаттан

Бай тап

Өмір бойы қор өтесің.

Ет жүрек өртенді,

От боп жанып,

Жалын шалып iшіме.

Иттей қормын,

Зармын,

Сен үздің ғой бұл желкемді.

Кім білер ертеңді?

Өлім айтпас,

Келсе қайтпас

Кісіге.

Бүгінгі күн

Бармын,

Жолдас еттің сен бөтенді.

Ғашықтық — қиын жол.

Жетсең — жеттің,

Жетпей өттің,

Не болды?

Арманда өмір

Өтті,

Ойлар ма екен бір, мені сол?

Салдырап аяқ-қол,

Жетпей сертке,

Ішім дертке

Тез толды.

Ажал уақыты

Жетті,

Мен өлейін, сен сау-ақ бол.

Шын жүрек — бір жүрек,

Қайта толқып,

Жолдан қорқып

Айнымас,

Шегінісіп

Қайтпас,

Өлсе бір сөзбен, не керек?

Білесің, сен зерек,

Мен пәндеңе

Болды деме,

Кел, қарас.

Ешкім сөгіс

Айтпас,

Рақым қылсаң, кел ертерек!

Шын ғашық мен саған!

Кейіп жүрсем,

Сені көрсем,

Ләм-мим деп

Бір сөз айтар

Хал жоқ,

Еріп кетер бой сол заман.

Ойыңды сен маған

Бір бөлмедің,

Тез келмедің

Мені іздеп.

Ішіңде ыстық

Қан жоқ,

Тас бауыр жар, бол қош аман!

Жар, сенің көңлің тоқ,

Ақ етіңді,

Нұр бетіңді

Меншікті

Қылмаған соң

Алла,

Өзі сорлы етсе, амал жоқ.

Сен аттың жөнсіз оқ,

Тәңрі — қазы

Тас таразы,

Тентекті

Қалма,

Серт бұзғанның, біл, орны—шоқ.