Әбдірахманның әйелі Мағышқа Абайдың айтқан жұбатуы

Жылағанды тоқатып,

Ынсап қылсақ, жарайды.

Қоймасаң, қайғы ауыр боп,

Тұл бойыңа тарайды.

Қызыл гүлің cуалып,

Ақ көңілің анық қарайды.

Ћәммә жанды аулымен

Патша құдай сынайды.

Бір сен емес, жылатқан

Сыңарын алып талайды.

Бәрімізді аясаң,

Тоқтау қылсаң ұнайды.

Ұмытқаның жарамас

Жаратушы құдайды.

Халық билеген патшалар.

Уақыты жетсе, құлайды.

Дәл уақыты жеткенде,

Талайдың гүлі қурайды.

Рәсулді алған бұл өлім

Кімнен жөнді сұрайды?

Қандай адам бұлқынып,

Бұған көнбей тулайды?

Мен білемін, қайтейін,

Мұндай асыл тұманды,

Қанша жылап налысаң,

Сонда да ерікке қоймайды

Алғысы келсе, дүниенің

Айтқанына болмайды.

Ойласаңшы, Мағышым,

Кімнің гүлі солмайды?

Артын тіле құдайдан,

Бір қалыпты тұрмайды.

Үсті-үстіне бастаса,

Сонда бенде оңбайды.

Жылама, Мағыш, жылама,

Алладан өлім тілеме!

Қолдан ұшқан ақ сұңқар

Қайтып келіп қонбайды.

Бір шешеден туғанда,

Бәрінен кетті тәуірім.

Көтермеске амал жоқ,

Көрдім дүние ауырын.

Аясаңшы, апырмау,

Әке, шеше, бауырын!

Бойды жеңіп, тоқтау қып,

Сұрасаңшы ақырын!

Тоқтамады, тұрмады,

Кетті ортадан асылым.

Тәкәппар, зор көкіректі

Көтере алмай басылдым.

Тиянағым, тұрлауым,

Енді кімге асылдым?

Ойламадым туғанда,

Бір өзіңе бас ұрдым.

Жалғыз сенен айрылып,

Артыңа қарап аћ ұрдым,

Ойламадым еш жанды,

Өзіңе ердім оңаша.

Рахаттанып, мақтанып,

Қылушы едім тамаша.

Шыны_сорлы-_мен-дағы.

Мағыш байқап қараса.